Алматы облысында үшем дүниеге әкелген ананың үш сәбиі де көз жұмды. Марқұм нәрестелердің туыстары дәрігерлер тарапынан медициналық көмек көрсету кезінде қателік жіберілген болуы мүмкін деп күдіктеніп, оқиғаны жан-жақты тексеруді талап етіп отыр.
Туыстарының айтуынша, Айдана Оразбаеваның жүктілігі алты ай бойы асқынусыз өткен. 17-нен 18 шілдеге қараған түні суы кетіп, мерзімінен бұрын босану белгілері басталған. Алдымен ол тіркеуде тұрған Жамбыл аудандық ауруханасына жеткізіліп, кейін Қаскелеңдегі перзентханаға ауыстырылған. Таңғы сағат 07:00 шамасында әйел үшемді дүниеге әкелген.
Алайда бірнеше сағаттан кейін отбасы мүшелеріне екі нәрестенің шетінегені хабарланған. Туыстары сәбилердің денесін алған кезде ешқандай ресми құжат берілмегенін айтады. Екі баланы жерлеп келген соң, үшінші нәрестенің де қайтыс болғаны белгілі болған.
Марқұмдардың жақындары өздеріне тапсырылған сәбилердің шынымен өз балалары екеніне күмән келтіріп отыр. Сондай-ақ олардың айтуынша, үшінші нәрестенің денесі әлі күнге дейін қайтарылмаған.
Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты ресми органдардың түсініктемесі жарияланған жоқ. Отбасы перзентханадағы әрекеттерге толық тексеру жүргізуді талап етуде.
