Өзбекстан Қазақстан Республикасымен қарым-қатынастарды дәйекті түрде нығайтып, оны Орталық Азиядағы ең маңызды стратегиялық әріптестерінің бірі әрі ең жақын көршісі ретінде қарастырады. Екі бауырлас халықтың тарихи, мәдени және рухани байланыстары сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, көлік және гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға берік негіз қалайды.
Соңғы жылдары Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың жаңа деңгейіне көтерілді.
2024–2034 жылдарға арналған Стратегиялық әріптестік және одақтастық бағдарламасы экономикалық байланыстарды кеңейтуге және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған ұзақ мерзімді басымдықтарды айқындады.
Екіжақты қарым-қатынастарда сауда-экономикалық ынтымақтастық ерекше орын алады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы шамамен 5 миллиард АҚШ долларын құрап, 11,4 пайызға өсті. Тараптар 2030 жылға қарай өзара сауда көлемін
10 миллиард долларға жеткізуді мақсат етіп отыр.
Өнеркәсіптік кооперация, энергетика, ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, логистика және цифрлық технологиялар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары болып саналады. Өзара инвестицияларды ұлғайту және бірлескен кәсіпорындар құру да маңызды мәнге ие. 2025 жылғы қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында өнеркәсіп, құрылыс, мұнай-химия, қаржы, логистика және туризм салаларында жалпы құны шамамен 1,2 миллиард АҚШ долларын құрайтын жеті бірлескен жоба іске қосылды.
Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықтың да әлеуеті зор. Теміржол және автомобиль бағыттарын дамыту, шекара инфрақұрылымын жетілдіру және транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту Орталық Азияның көлік байланысын нығайтуға әрі халықаралық нарықтарға шығуға жаңа мүмкіндіктер ашуда.
Өзбекстан мен Қазақстан өңіраралық ынтымақтастықты, мәдени-гуманитарлық байланыстарды, туризмді, білім мен ғылымды дамытуға
да ерекше көңіл бөлуде. Өңірлер арасындағы тұрақты байланыстар, бизнес-форумдар мен бірлескен көрмелер кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып, іскерлік қатынастарды нығайтуға ықпал етуде.

Осылайша, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік тұрақты экономикалық дамудың және өңірлік тұрақтылықты нығайтудың маңызды факторына айналып отыр. Өзара сенім, тату көршілік, ортақ мүдделер мен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға деген ұмтылыс екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге берік негіз қалайды.
