Журналистің басты міндеті – шындықты іздеу, қоғамның көкейіндегі сұрақтарды көтеру және көпшілік білуге тиіс ақпаратты жариялау. Бірақ бүгінгі журналистикада бір көзге көрінбейтін мәселе бар. Ол – өзін-өзі цензуралау. Яғни журналистің ешкім ашық тыйым салмаса да, белгілі бір тақырыпты қозғамауы, өткір сұрақ қоймауы немесе шындықтың кейбір тұстарын жариялаудан бас тартуы.
Бір журналист мемлекеттік мекеменің жұмысындағы кемшілікті анықтайды. Екіншісі лауазымды тұлғаның әрекетіне қатысты сұрақ қойғысы келеді. Үшіншісі қоғамдағы әділетсіздікті көріп отыр. Алайда олардың барлығы бір сәтте ойына «Мұны жарияласам не болады?», «Біреудің шамына тиіп кетпеймін бе?», «Ертең жұмысымнан айырылып қалмаймын ба?», «Қысымға ұшырамаймын ба?». Осы сұрақтардан кейін кейбір материалдар жазылмай қалады, кейбір тақырыптар жабық күйінде қалады.
Өзін-өзі цензуралау көбіне қорқыныштан басталады. Біреу басшысымен арадағы қарым-қатынасты бұзғысы келмейді, енді бірі ақпарат көзінен айырылып қалудан қауіптенеді. Кейбір журналистер жарнама берушілерге немесе жергілікті билік өкілдеріне тәуелді болғандықтан, олардың әрекетін сынға алуға батпайды. Ақырында журналистің кәсіби ұстанымына жеке мүддесі мен қауіпсіздігі әсер ете бастайды.
Мұндағы ең өкініштісі журналистке әрдайым біреудің тікелей қысым көрсетуі міндетті емес. Кейде ол редактордың ескертуін күтпей-ақ, қандай тақырыпты жазуға болмайтынын алдын ала біледі. Бірте-бірте өткір материалдардан қашады, ыңғайсыз сұрақтарды қоймайды, ал жарияланатын ақпарат тек мақтау мен жағымды жаңалықтардың айналасында қалып қояды.
Әрине, журналистің әрбір жазған дүниесі сыннан тыс болуы керек деген сөз емес. Журналист те заңды сақтап, ақпараттың шынайылығын тексеріп, кәсіби этиканы ұстануы қажет. Бірақ дәлелді сыннан қорқу мен жауапкершілікпен жұмыс істеудің арасы екі бөлек ұғым.
Журналист билікке немесе белгілі бір тұлғаға ұнау үшін емес, қоғамға қызмет ету үшін жұмыс істеуі керек. Оның міндеті біреудің көңілін табу емес, көпшіліктің көкейіндегі сұраққа жауап іздеу. Егер журналист шындықты айтуға қорықса, қоғам маңызды ақпараттан айырылады. Ал журналистика тек ресми мәлімдемелерді қайталайтын құралға айналса, оның қоғамдық бақылау қызметі әлсірейді.
Журналистің ең үлкен жеңілісі – біреудің оның материалын жариялауға тыйым салуы емес, өзінің не туралы жазуға болатынын алдын ала шектеп алуы. Өйткені журналист үнсіз қалған жерде қоғамның дауысы естілмей қалады.
Бердалы ОРАЗ Orhon.kz тілшісі
