Сурет:shutterstock
Бұрын мұғалім мектепке бала оқыту үшін баратын. Бүгінде оның міндеті көбейгені соншалық, кейде сабақ түсіндіруден гөрі ата-анамен сөйлесуге көбірек уақыт жұмсайтын жағдайға жетті. Біріне баласының тәртібін түсіндіреді, екіншісіне жауапкершілікті еске салады, үшіншісіне баланың тәрбиесі тек мектептің міндеті емес екенін ұғындыруға тырысады. Сөйтіп, ұстаз бір мезетте мұғалім де, психолог та, тәрбиеші де, кейде ата-анаға ақыл айтушы маманға айналды.
Әрине, барлық ата-ананы бірдей кінәлау дұрыс емес. Баласының білімі мен тәрбиесіне бейжай қарамайтын, мұғаліммен бірлесе жұмыс істейтін отбасылар аз емес. Алайда баласының әрбір қателігін ақтап алуға тырысатын, мектептегі тәртіп мәселесіне келгенде жауапкершіліктен қашатын ата-аналар да кездеседі. Бала сабаққа дайындалмай келсе, мұғалім кінәлі. Тәртіп бұзса, ұстаз дұрыс түсіндіре алмаған. Төмен баға алса, тағы да мұғалімнен мін ізделеді. Ал баласының үйдегі тәрбиесі мен күнделікті әдеттеріне назар аудару кейінге шегеріледі.
Ата-ана баласының тәрбиесіне жауап бермесе, оны кім үйретуі керек? Мұғалім мектепте білім беріп, баланың тұлға болып қалыптасуына үлес қосуы тиіс. Бірақ ол отбасының орнын баса алмайды. Баланың бойындағы құрмет, жауапкершілік, әдеп, үлкенді сыйлау сияқты қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасады. Мектеп сол тәрбиені жалғастырады, толықтырады.
Кейбір ата-ананың мұғаліммен сөйлесу мәдениеті нашар. Баласының көзінше ұстаздың беделін түсіру, оның айтқанын жоққа шығару немесе дөрекі сөйлеу баланың мектепке, білімге деген көзқарасына әсер етпей қоймайды. Бала үлкендердің бір-біріне қалай қарайтынын бақылап өседі. Егер ата-ана мұғалімді сыйламаса, баладан ұстазға құрмет күтудің өзі қаншалықты қисынды? Қалай ойлайсыз?
Ұстаздың да жүйкесі, жеке өмірі, өз міндеттері бар адам екенін ұмытпауымыз керек. Ол күн сайын ондаған баламен жұмыс істеп, әрқайсысының білімін, мінезін, қабілетін ескеруге тырысады. Оның үстіне ата-ананың талабын орындап, әрбір түсінбеушілікті шешуге міндетті адамдай қарау мұғалімге қосымша салмақ түсіреді.
Білімді ұрпақ тәрбиелеу тек мектептің мойнындағы міндет емес. Бұл мұғалім мен ата-ананың ортақ жауапкершілігі. Ата-ана мектепке баласын тапсырып қана қоймай, оның тәрбиесіне өзі де араласуы керек. Ал ұстазды кінәлай бермей, кейде өзімізге де сұрақ қойғанымыз жөн.
Бала тәрбиесі мектептің табалдырығынан басталмайды. Ол отбасынан басталады. Ұстаздың міндеті ата-ананың орнын басу емес, оның тәрбиесін біліммен ұштастыру.
Автор: Бердалы Ораз
