Қоғам

Түркістан облысында жаңа теміржол вокзалы ашылды

Түркістан облысының Темір ауылында жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 159,41 шаршы метр болатын заманауи нысан «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тапсырысымен салынды. Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, теміржол саласының өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Жаңа вокзал жолаушыларға жайлы күту залы, билет кассасы және заманауи қызмет көрсету орындарымен жабдықталған. Рәсім барысында қонақтар нысанды аралап, оның мүмкіндіктерімен танысты.

Облыс әкімдігі жаңа вокзал Темір ауылының көлік инфрақұрылымын дамытуға серпін беріп, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы сапар шегуіне мүмкіндік жасайтынын атап өтті.