Аймақ

«Ясауи керуені» Жетісайға жетті: ғалымдар Қожа Ахмет Ясауи мұрасын насихаттады

«Ясауи керуені» Жетісайға жетті: ғалымдар Қожа Ахмет Ясауи мұрасын насихаттады

Түркістан облысында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен жүзеге асып жатқан «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары бұл жолы Жетісай ауданында өтті. Іс-шараның мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын кеңінен насихаттап, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың санасына сіңіру.

Семинарға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Досай Кенжетай, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының өкілдері, ғалымдар, дінтанушылар, зиялы қауым мен аудан тұрғындары қатысты. Жиында Ясауи ілімінің адамгершілік, әділдік, имандылық пен ізгілікке негізделген тағылымдарының бүгінгі қоғам үшін маңызы жан-жақты талқыланды.

Қатысушылар рухани тәрбие, дәстүрлі дін мен ұлттық мәдениеттің сабақтастығы туралы пікір алмасып, жастарды теріс діни ағымдардың ықпалынан қорғауда Ясауи мұрасының рөлі ерекше екенін атап өтті. Семинар соңында тұрғындардың сұрақтарына мамандар жауап берді.