Аймақ

«Қан судай ақты»: Түркістан облысында қаза тапқан бес баланың әкесінің отбасы әділ тергеуді талап етуде

«Қан судай ақты»: Түркістан облысында қаза тапқан бес баланың әкесінің отбасы әділ тергеуді талап етуде

Түркістан облысында бес баланың әкесі Маханбет Тұрғанбектің қаза болуына қатысты іс қоғам назарын аударды. Марқұмның жақындары тергеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанын айтып, істің әділ қаралуын талап етуде.

Ulysmedia.kz басылымының хабарлауынша, қанды оқиғаға он күн өтсе де, марқұмның отбасы күдіктілерге қатысты нақты шаралар қабылданбағанына алаңдаулы.

Марқұмның жұбайы Индира Көлбайдың айтуынша, оқиға болған түні күйеуін досы үйден алып кеткен. Арада шамамен бір жарым сағат өткен соң оның ауыр жараланғаны туралы хабар жеткен.

Әйелдің сөзінше, күйеуі бірнеше жерінен жарақат алған. Ол оқиғаның барлық мән-жайы толық әрі әділ тергелуі қажет екенін айтып, құзырлы органдардан істі ерекше бақылауға алуды сұрады.

Қазіргі уақытта аталған оқиғаға қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша құзырлы органдардың ресми қорытындысы жарияланады.