Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Бакуде Ресей мен Германия өкілдерінің құпия кездесуі өткенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Берлинге жасаған ресми сапары барысында Германия канцлері Фридрих Мерцпен өткен бірлескен баспасөз мәслихатында айтты.
Әлиевтің сөзінше, Әзербайжан билігіне бұл кездесу туралы Ресей де, Германия да алдын ала хабарламаған.
«Еліміздің аумағы бұл кездесу үшін пайдаланылды, бірақ бізге бұл жөнінде ақпарат берілген жоқ. Кездесудің мазмұны туралы ештеңе айта алмаймын. Алайда әуе рейстері жөніндегі мәліметтерге сүйенсек, Бакуде осындай кездесу өткен деген қорытынды жасауға болады», – деді Әзербайжан президенті.
Оның айтуынша, Ресей тарапынан кездесуге бұрынғы премьер-министр Виктор Зубков пен Ресей президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі кеңестің төрағасы Валерий Фадеев қатысқан.
Германия тарапынан кімдердің қатысқаны әзірге нақтыланбады. Бұған дейін Die Zeit басылымы Ресеймен байланыстарға Германия канцлері аппаратының бұрынғы басшысы Рональд Пофалла мен Бранденбург жерінің бұрынғы премьер-министрі Маттиас Платцек қатысып жүргенін жазған.
Ильхам Әлиевтің болжамынша, кездесуде Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату мәселесі талқыланған болуы мүмкін. Ол Әзербайжан мұндай бейбіт бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
Ал Германия канцлері Фридрих Мерц мұндай байланыстар туралы ешқандай мәліметі жоқ екенін мәлімдеді.
