Шымкент қаласының тұрғыны Назира Қалаубекқызы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Ресейге жұмыс іздеп кеткеннен кейін хабарсыз қалған 19 жастағы ұлы Бекасылды табуға көмек көрсетуді сұрады.
Етегі жасқа толған ананың айтуынша, ұлы жұмысқа орналасу мақсатында Ресейге кеткен. Алайда арада уақыт өткен соң одан ешқандай хабар болмай, байланыс үзілген. Анасы баласының алаяқтардың арбауына түсіп, еркінен тыс Украинадағы соғыс аймағына жіберілген болуы мүмкін деген күдігін жеткізді.
Назираның қазіргі таңда ұлын іздеу үшін Қазақстанның барлық құзырлы құқық қорғау органдарына ресми түрде арыз жазғанын, алайда әзірге нақты нәтиже мен жауап болмағанын айтты.
«Мен үшін ең бастысы – баламның аман-есен табылғаны. Президенттен және СІМ,елшіліктен ұлымды іздеуге барынша қолдау көрсетуді сұраймын», – дейді шарасыз ана.
