Шығыс Қазақстан облысындағы жеке арал 10 миллион АҚШ долларына сатылымға шығарылды. Бұл туралы Курсив басылымы хабарлады.
Бір ай бұрын жарияланған хабарландырудағы суреттерді картамен салыстырған кезде, сөз Бұқтырма су қоймасындағы Үлкен Қаз аралы туралы болып отырғаны анықталған.
Үлкен Қаз аралы бірнеше жер теліміне бөлінген. Аралда ешқандай құрылыс нысаны жоқ. Жалпы аумағы – 225 гектар. Кадастрлық құны шамамен 1 млн 606 мың теңге деп көрсетілген.
Мамандардың айтуынша, бұл сома аралдың нарықтық бағасы емес, тек салық салу және кадастрлық есепке алу үшін белгіленген базалық құн.
Мәліметке сәйкес, аралдағы төрт жер телімі «Мұхит-Бура» компаниясына тиесілі. Компанияның жалғыз құрылтайшысы әрі алғашқы басшысы – Исатай Қайырғазы.
Adata деректеріне сәйкес, Исатай Қайырғазы Altay Polymetal компаниясымен байланысты. Қазіргі таңда бұл компанияны Қайрат Қайырғазы басқарады.
Исатай мен Қайрат Қайырғазының әкесі – кәсіпкер Сәбет Мұхитов. Ол «Өскемен полиметалл концентраттары зауыты», «Сибмодель» және Ecosilicon компанияларының құрылтайшысы ретінде белгілі.
