Саясат

БҰҰ Думан Мұхаммедкәрімді заңсыз қамалған деп танып, дереу босатуды талап етті

БҰҰ-ның Ерікті түрде ұстау жөніндегі жұмыс тобы қазақстандық журналист Думан Мұхаммедкәрімнің қамауда отыруын негізсіз деп таныды. 2026 жылғы 12 мамырда қабылданған №18/2026 қорытындысында оның құқықтары халықаралық нормаларға сәйкес бұзылғаны айтылып, журналисті шұғыл түрде босату талап етілген. Мұхаммедкәрім жеті жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Оған қатысты сот процесі жабық өткен, ал іс Мұхтар Әблязовпен болған сұхбатқа байланысты қозғалған.

 

БҰҰ жұмыс тобы журналистің қамаудағы жағдайына да назар аударған. Қазақстандық адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның мәліметінше, ол 600 күннен астам уақыт жеке камерада отырған. Жұмыс тобы мұндай ұстау жағдайларының халықаралық талаптарға, соның ішінде Нельсон Мандела ережелеріне сәйкестігіне күмән келтірген. Құжатта журналисті босатумен қатар, оған өтемақы төлеу және құқықтарының бұзылуына қатысты тәуелсіз тергеу жүргізу қажеттігі көрсетілген.

 

Бұл – БҰҰ-ның Қазақстандағы саяси істерге қатысты шығарған алғашқы шешімі емес. Бұған дейін жұмыс тобы белсенді Марат Жыланбаевтың да қамауда отыруын негізсіз деп танып, оны босатуға шақырған. Ендігі мәселе – Қазақстан билігінің халықаралық ұйымның осы талаптарына қалай жауап беретіні.