Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттік қалашығында 15 қарашадан 16 қарашаға қараған түні бірінші курс студенті көз жұмды. Полиция бұл іске қатысы бар деген күдікпен екінші курс студенті Ерсайын Айтқалиды ұстаған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол марқұмға дене жарақатын салғанын мойындаған. Аталған дерек бойынша адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Оқиғадан кейін университеттің әлеуметтік тұрақтылық жөніндегі проректоры мен География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылған. Бұған дейін, 6 қарашада да осы университеттің студенттік қалашығында бірінші курс студенті қыз қайтыс болған еді. Бұл дерек бойынша да тергеу жүріп жатыр. Университет марқұмның отбасына материалдық және моральдық көмек көрсетіп жатқанын хабарлады.
