Жаңалықтар

Түркістан облысы мен Өзбекстан арасында 78 млн долларлық меморандумдарға қол қойылды

Ақтау қаласында өткен Қазақстан мен Өзбекстан Өңірлер басшылары кеңесінің алғашқы отырысы және бизнес-диалог аясында Түркістан облысы әкімдігі мен өзбекстандық серіктестер арасында жалпы құны 78 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық меморандумдарға қол қойылды. Құжаттар жаңа өндірістерді іске қосуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға бағытталған.

Форум барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2025 жылы 5 млрд АҚШ долларына жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы сауда көлемі 511 млн АҚШ долларынан асып, бірлескен өндірістер мен инвестициялық жобалардың саны артып келеді.

Қол қойылған меморандумдар аясында металл өңдеу зауыты, күнбағыс майын өндіру, жүгеріні терең өңдеу, ет өңдеу кешені және заманауи балық шаруашылығы жобалары жүзеге асырылады. Бұл бастамалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.