Соңғы жылдары Келес Ауданында, соның ішінде Ақтөбе Ауылдық Округінде жер мәселесі халықтың ең өзекті проблемасына айналды. Аудан тұрғындары жылдар бойы жер кезегінде тұрғанына қарамастан, ауыл маңындағы шұрайлы жерлердің гектарлап жеке адамдардың иелігіне өтіп кеткені жөнінде талай рет мәселе көтерілген болатын. Алайда, бұл мәселеге құқық қорғау немесе құзырлы органдар тарапынан нақты әрі ашық тексеру жүргізілгені байқалмайды.
Жалпы елімізде жердің заңсыз немесе күмәнді жолмен жекеге өтуі қалыпты құбылысқа айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Бұл мәселені Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек те бірнеше мәрте көтеріп, еліміздің әр өңірінде жүздеген мың гектар жайылымдық жерлердің заңсыз немесе күмәнді негізде жеке меншікке өтіп кеткенін нақты мысалдармен жариялаған еді.
Өкінішке орай, мұндай жағдайлар Келес Ауданында да кездеседі деген күдік бар?
2018 жылы Келес ауданын Ақментай Еспаев басқарған кезеңде, «Келес қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, құрылып, оның басшысы болып Керинбаев Байтуған Таубаевич тағайындалды. Аталған мекеме аудан көлеміндегі коммуналдық жұмыстарды жүргізу, көшелердің тазалығын қамтамасыз ету, көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастыру және әкімдік тапсырмаларын орындау мақсатында құрылған болатын.
Алайда арада жеті жылдан астам уақыт өтсе де, аудан тұрғындары Келес ауданындағы тазалық мәселесінің толық шешілмегенін айтады. Көптеген ауылдарда көше тазалығы сын көтермейді, ал көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр деу қиын.
Осыған байланысты қоғамда орынды сұрақтар туындайды.
Біріншіден; 2018 жылдан бері «Келес қызмет» мекемесіне мемлекет тарапынан нақты қанша қаржы бөлінді?
Екіншіден; көгалдандыру мақсатында қанша жер телімі берілді және қазіргі таңда мекеме балансында нақты қанша жер бар?
Үшіншіден; аталған жерлер қандай мақсатта пайдаланылып жатыр және олардың игерілуіне бақылау жасалды ма?
Төртіншіден; бөлінген бюджет қаржысының тиімділігіне аудит немесе тексеру жүргізілді ме?
Бесіншіден; ауданның тазалығы мен абаттандыруына бөлінген қаржы нақты қай бағыттарға жұмсалды?
Бұл сұрақтарға жауап беру — қоғам алдындағы ашықтық пен есептіліктің басты талабы.
Біздің редакция «Келес қызмет» мекемесіне тиесілі делінген бірнеше жер теліміне арнайы барып, көзбен көріп қайтты. Кейбір аумақтардың қазіргі жағдайы қоғам көкейіндегі күдікті одан әрі күшейте түсті. Көгалдандыруға арналған жерлердің нақты пайдаланылуы, олардың күтімі және мақсатты игерілуі бойынша ашық ақпарат қоғамға ұсынылуы тиіс.
Сондықтан құзырлы органдардан «Келес қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметіне, мекемеге бөлінген жер телімдерінің заңдылығына, бюджет қаржысының игерілуіне, сондай-ақ көгалдандыру және тазалық жұмыстарының орындалуына қатысты ресми тексеру жүргізуді сұраймыз.
Халықтың жерге деген мұқтаждығы шешілмей жатқанда, мемлекеттік немесе коммуналдық мекемелерге тиесілі жерлердің тиімді әрі заңды пайдаланылуы — қоғамдық бақылауда болуы тиіс маңызды мәселе.
Мынау видеодағы «Келес қызмет» КММ көгалдандыруға берілген жер. Нақты адресі; Жүзімдік ауылына кіре берісте оң жақта. Қарасаңыз көгалдандырудан ұшқын да жоқ.
Мынау видеодағы, «Келес қызмет» КММ қарасты қоқыс тастау полигоны. Қарасаңыз ешбір стандартқа жауап бермейді.
Мынау видеодағы, «Келес қызмет» КММ қарасты жартылай көгалданып тұрған жер.
Мынау видеодағы, «Келес қызмет» КММ қарасты көгалдандыруға берілген жер дейді. Қарасаңыз егілген ағаштар қурап қараусыз қалған.
Мынау видеодағы, «Келес қызмет» КММ басшысы Керинбаев Байтуган мырзаға қарасты жеке меншік жері дейді. Бізде сұрақ туындайды, Ақтөбе Ауыл Округынде 2200 ге жуық адам 20 жыл бойы жер кезегінде тұр, ал бұл жер қалайша жекеге өтіп кетті?
