Жаңалықтар

«Мемлекеттің қатысы жоқ»: Қырықбаев журналистер парақшаларының бұғатталуына қатысты түсініктеме берді

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев қазақстандық журналистердің Facebook пен Instagram желілеріндегі парақшаларының бұғатталуына мемлекет қатысы бар деген пікірді жоққа шығарды. Оның айтуынша, аккаунттарды бұғаттау туралы шешімді әлеуметтік желі платформаларының өзі қабылдайды. Ал мемлекеттік органдардың немесе квазимемлекеттік ұйымдардың журналистерді әдейі бұғаттауға ықпал еткенін растайтын дерек жоқ.

Министр егер журналистердің парақшалары қасақана бұғатталған болса, мұндай жағдай құқық қорғау органдарының құзыретіне жататынын атап өтті. Оның сөзінше, зардап шеккендер прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне немесе қауіпсіздік органдарына жүгіне алады. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі қажетті заң көмегін көрсетуге дайын.