Жаңалықтар

КЕЛЕС АУДАНЫНДАҒЫ ЖЕР ТЕЛІМДЕРІ КІМДЕРДІҢ ҚОЛЫНА ӨТІП КЕТТІ? ЖАУАПСЫЗ ҚАЛҒАН СҰРАҚТАР

Келес ауданындағы жер учаскелерінің күмәнді жолдармен жекеге өтіп жатқандығы жөнінде облыс және аудан әкімдіктеріне “Е-Өтініш” арқылы сұраныс жолдаған едім.

Аудан әкімдігінен жауап келді. Алайда жауапта бес жер учаскесінің ішінен тек бір жердің ғана мемлекет меншігіне қайтарылғаны көрсетілген.

Аудан әкімдігінің жауабында:

“өтініште көрсетілген бес азаматқа тиесілі жер учаскелерінің ішінен Лаханов Бекжан Жомартовичке Қаратөбе елді мекенінен 0,75 га жер учаскесінен өз еркімен бас тартып, 22.07.2026 жылғы №89 Ақтөбе ауылдық округі әкімінің шешімімен жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды”-делінген.

Ал қалған төрт жер учаскесінің қазіргі жағдайы қандай?

Бұл жерлер 2022 жылы бау-бақша дақылдарын өсіру және көгалдандыру мақсатында берілген.

Менің күмәнданып отырған мәселем аталған жерлердің мақсатты пайдаланылып жатқан-жатпағаны. Егер жерлерде бау-бақша егілмесе, көгалдандырылмаса, олардың қазіргі құқықтық мәртебесі қандай?

Ең бастысы бұл жерлердің нысаналы мақсаты өзгертіліп, басқа тұлғаларға сатылмағанына немесе қайта рәсімделмегеніне нақты көз жеткізу қажет.

Осыған байланысты Келес аудандық әкімдігінен төмендегі төрт жер учаскесі бойынша нақты әрі құжатпен расталған жауап күтеміз:

1. 2022 жылғы 1 шілдедегі №61 шешіммен Төреназар Наурызхан Рысдәулетұлына Ескіқорған елді мекенінен бау-бақша дақылдарын өсіру үшін берілген 0,90 га жер учаскесі;

2. 2022 жылғы 1 шілдедегі №63 шешіммен Қонысбек Медетбек Дәулетұлына Ескіқорған елді мекенінен берілген 1,0 га жер учаскесі;

3. 2022 жылғы 14 қыркүйектегі №122 шешіммен Лаханов Бекжан Жомартовичке Қаратөбе елді мекенінен бау-бақша дақылдарын өсіру үшін берілген 0,75 га жер учаскесі;

4. 2022 жылғы 22 қарашадағы №185 шешіммен Сұлтанов Бекзат Түйғынбекұлына Қаратөбе елді мекенінен бау-бақша дақылдарын өсіру үшін берілген 0,70 га жер учаскесі;

5. 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №204 шешіммен Есіркепов Орынбайға Ғани Мұратбаев елді мекенінен бау-бақша дақылдарын өсіру үшін берілген 1,0 га жер учаскесі.

Біріншіден, жоғарыдағы бес учаскенің біреуі ғана мемлекет меншігіне қайтарылғаны көрсетіліп отыр.

Екіншіден, қалған жерлердің нақты қазіргі жағдайы туралы аудан әкімдігінің жауабында толық ақпарат жоқ.

Сондықтан Келес аудандық әкімдігінен:

1. Жер учаскелерінің қазіргі құқықтық мәртебесін,
2. Кадастрлық нөмірлерін,
3. Қазіргі жер пайдаланушыларын,
4. Нысаналы мақсаты өзгертілген-өзгертілмегенін,
5. Басқа тұлғаларға сатылған, сыйға берілген немесе қайта рәсімделген-ресімделмегенін;
6. Жердің іс жүзінде бау-бақша және көгалдандыру мақсатында пайдаланылып жатқанын,
7. Пайдаланылмаған жағдайда қандай шара қолданылғанын нақты көрсетуді сұраймыз?

Бұл жерде мәселе нақты азаматтарға кінә тағуда емес. Мәселе мемлекеттік жердің заң талаптарына сәйкес, әділ әрі ашық пайдаланылуында.

Облыс әкімдігіне жолдаған сұранысыма әзірге жауап келген жоқ. Жауап келген жағдайда оны да халықтың назарына ұсынамын.

Жер халықтың ортақ байлығы. Сондықтан жердің кімге, қандай негізде және қандай мақсатпен берілгені қоғам үшін ашық болуы тиіс.