Жаңалықтар

Қандай аймақта құрылыс жүргізуге тыйым салынады?

Атырауда магистральдық мұнай құбырларының күзет аймағында құрылыс жүргізуге тыйым салынады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау қаласының әкімдігі магистральдық мұнай құбырларының күзет аймақтарында құрылыс жүргізу және басқа да жұмыстарды орындау тәртібін еске салды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құбырлардың зақымдануына жол бермеу мақсатында мұндай аумақтарда бірқатар шектеулер қолданылады.

Әкімдік мәліметінше, магистральдық мұнай құбырының күзет аймағы – құбырдың зақымдануының алдын алу үшін оның нысандарына іргелес орналасқан, арнайы қорғау және пайдалану шарттары белгіленген аумақ.

Қолданыстағы құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес, құбырдың диаметріне қарай оның осінен 70–150 метр аралығындағы белгіленген ең төменгі қашықтық шегінде магистральдық құбыр инфрақұрылымына қатысы жоқ нысандарды салуға тыйым салынады.

Сонымен қатар күзет аймақтарында тиісті жазбаша рұқсатсыз ғимараттар мен құрылыстар тұрғызуға, өткелдер мен топырақ жолдар салуға, автокөліктер мен арнайы техникаларға арналған тұрақтар ұйымдастыруға болмайды.

Бұл аумақтарда мелиорациялық, суару және құрғату, тау-кен, құрылыс-монтаждау, жарылыс жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ геологиялық түсірілім, іздеу, геодезиялық және өзге де барлау-зерттеу жұмыстарын орындауға да шектеу қойылған.

Құбырлардың күзет аймағында жұмыс жүргізу үшін жазбаша рұқсат қажет

Әкімдік өкілдері магистральдық құбырлардың қорғау аймағында қандай да бір жұмыс немесе әрекет атқару қажет болған жағдайда «ҚазТрансОйл» АҚ-ның тиісті құрылымдық бөлімшесінен алдын ала жазбаша рұқсат алу керектігін ескертеді.

Мұндай рұқсат қолданыстағы құбырлар көрсетілген жобалау құжаттамасы болған жағдайда ғана беріледі.

Сондай-ақ заңнама, тиісті кодекстер мен магистральдық құбырларды қорғау қағидаларының талаптарын бұзған лауазымды тұлғалар мен азаматтар қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылатыны айтылды.

Қала әкімдігі тұрғындар мен құрылыс жұмыстарын жүргізетін ұйымдарды белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауға және магистральдық мұнай құбырларының күзет аймақтарында рұқсатсыз жұмыс жүргізбеуге шақырады.