Сурет: pixabay.com
АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қатысты мәлімдемесінен кейін әлемдік мұнай бағасы қайта өсті. Сонымен қатар OPEC+ ұйымы Қазақстанға мұнай өндіру көлемін біртіндеп арттыруға мүмкіндік берді.
Бұл өзгерістердің Қазақстан экономикасына ықпалы туралы Qaz365.kz тілшісіне қаржы сарапшысы Саида Тілеуленова пікір білдірді.
Сарапшының айтуынша, мұнай бағасының өсуі Қазақстан үшін қысқа мерзімде оң әсер береді. Өйткені мұнай еліміздің негізгі экспорттық тауары саналады және валюталық түсімнің, салықтық кірістердің, сондай-ақ Ұлттық қор табысының елеулі бөлігін қамтамасыз етеді.
Соның нәтижесінде сыртқы сауда теңгерімі жақсарып, мемлекеттік бюджетке қосымша қаражат түседі.
Алайда Саида Тілеуленова қазіргі жағдайды толықтай оң құбылыс деп бағалауға болмайтынын айтты. Оның сөзінше, мұнай бағасының өсуі әлемдік сұраныстың артуынан емес, геосаяси шиеленістің күшеюінен болып отыр.
Сарапшы мұндай факторлардың тұрақсыз екенін және жағдайдың кез келген уақытта өзгеруі мүмкін екенін атап өтті.
