Сурет: air Astana
Air Astana әуе компаниясы Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Біріккен Араб Әмірліктеріне рейстерді уақытша тоқтатты.
Компания мәліметінше, тоқтатылған рейстер қатарында 13 және 14 шілдеге жоспарланған KC897/898 Алматы – Дубай – Алматы және 14 шілдедегі KC205/206 Астана – Дубай – Астана бағыттары бар.
Жолаушылар билет құнын толық көлемде сатып алған жері арқылы қайтара алады. Сонымен қатар 12–18 шілде аралығындағы рейстерге билеті бар азаматтар үшін ұшу күнін 31 шілдеге дейін тегін ауыстыру мүмкіндігі қарастырылған.
Авиакомпания кестеге қатысты алдағы өзгерістер жөнінде қосымша хабарлайтынын мәлімдеді.
